Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
06.06.2022
114
ОТ-ЖАЛЫНЫ ЖАНЫМНЫҢ
От-жалыны жанымның басылған жоқ,
Шымылдығы сырымның ашылған жоқ.
Сөз маржаны әлі де жұлдыз болып,
Күмбезіне көгімнің шашылған жоқ.
Сара дарын, сазды жыр бойымдағы,
Қазынадай жер-ана қойнындағы.
Мың жыл жазсам, тәңір-ау, таусыла ма,
Таусыла ма ғаламат ойымдағы.
Санға бөліп санамды сабылдырып,
Сиқырлады сылқым жыр табындырып.
Ұмыттырды от басы тірлігін де,
Серілердей бұрынғы қағындырып.
Осы өлеңде бар ма деп құны атамның,
Көңілімді көншітіп жұбатамын.
Жан қиналып дөңбекшіп, аласұрып,
Атар емес ойсыз бір құба таңым.
Тербетілген теңіз-ой терең екен,
Тұншығуың, талуың керек екен.
Тарықтырып, кетсе де жабықтырып,
Жадыратар жанымды өлең екен.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter