Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
06.06.2022
117
ҚАЙДА ДЕП СҰРАМАДЫМ
Қайда деп сұрамадым қаламақым,
Онсыз да адаммын нан таба алатын.
Қондырған айдынына Аққу жырды,
Кезі бұл кербездене таранатын.
Шаттанып шалқар көлі-айдынына,
Шарласын бірде батып қайғы-мұңға.
Көрсетіп сәні менен салтанатын,
Көрсетсін ерке-назды айбынын да.
Есіліп, сыңғыр қағып қанаттары,
Естілсін сыңсып салған алапқа әні.
Елітіп, елжіретсін тас жүрегін,
Тасада тұрса біреу оқ атқалы.
Арманға толы Аққу көкірегі,
Үркітіп кейде толқын өкіреді.
Айдыны аймалаған ақ төсіне,
Еркелеп ақ шабақтар секіреді.
Үркітпе Аққу жырды, қаламдасым,
Қадірсіз көрінсе де саған басым.
Шым батып шыңырауға кетем бір күн,
Соңғы Аққу сыңсып жылап таранғасын.
Соңғы Аққу сыры қандай, жыры қандай,
Ол сыңсып өтер мәңгі тыным алмай.
Жұмыр жер бетіндегі жұмырбасты,
Адамның түсінгенше бірі қалмай.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter