Өлеңдер ✍️

  06.06.2022
  137


Автор: Жарылқасын Аманұлы

БӨЛЕМІН СӨЗГЕ КӨҢІЛ

Қызығын бұл жалғанның көріп келем,
Мыңды алып, мен де жүзді беріп келем.
Баласы Қошқарбайдың Шашубайдай,
Малға емес, сөзге көңіл бөліп келем.
Тартқан-ау мінезім де Шашубайға,
Шашылып жатам кейде, басу қайда.
Айырылып барымнан да, нарымнан да,
Іздеймін жар ашуын басуға айла.
Жоқ демен сонда дағы, жоқ демедім,
Жоқтан бар жасамай ма отты өлеңім.
Мыңды алсам, мыңды беріп, мыңды танып,
Ақынның сал-серісі боп келемін.
Той-тойлап жорға мініп тербетіле,
Сыймадым тасып көңілім жер бетіне.
Жарқылдап найзағайдай өткен күннің,
Саусақты басайыншы пернесіне.
Бір перне бір пернеден мұңдылау ма?
Мұңды үні сүйегімді бұрғылауда.
Қияда шарықтаған қайран көңіл,
Күн сайын шыңырауға құлдырауда.
Ауладым Алатаудан ұларымды,
Кеудеме бастым жұпар тұмарымды.
Дүние сырға тұнған, жырға тұнған,
Баса алмай қойды-ау бірақ құмарымды.
Десе де мұң мен қайғы қаншама ащы,
Өмір деп жасар адам жанталасты.
Он келіп, он кетсемде, беу, дүние,
Құмарым саған деген тарқамас-ты.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу