Өлеңдер ✍️

  06.06.2022
  159


Автор: Жарылқасын Аманұлы

ТУҒАН ЖЕР, АЙНАЛАЙЫН, ҚЫЗЫЛЖАРЫМ

Туған жер, айналайын, Қызылжарым,
Өзіңсің өзектегі жырым да әнім.
Қия алмай жыл құсындай қайтып барам,
Бұйырар енді қашан тұзың-дәмің?
Ақ сағым ақ шәлің боп желпілдейді,
Жанарда бір тамшы жас мөлтілдейді.
Ыстығы-ай туған жердің, адам түгіл,
Аң, құс та жат өлкені жерсінбейді.
Төсіңде ізім қалды шиырлаған,
Жарысып жүйрік мініп құйындаған.
Өмірлік сені арқалап өтер едім,
Құшаққа сыяр болсаң, қиыр далам.
Жетісу – бабам туған мекен екен,
Суы бал, жемістері шекер екен.
Болса да жер жәннаты, саған бірақ,
Теңеуім басқа жерді бекер екен.
Шықпадың түсімнен де,
Есімнен де.
Кіндіктен қан тамған жер кесілгенде,
Қонды ұшып Алатауға балапаның,
Самға деп өсірдің ғой, өсіргенде.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу