Өлеңдер ✍️
Балшы
Жүргенімде ойланып,
Басым қатып,
Тіршіліктің кермек дәм – жасын татып.
Алақанды жайдым мен балшы сыған,
Ертеңімді айтып бер жасырма бүк.
Айта бергін сыған қыз айтарыңды,
Тыңдап тұрмын жаттанды, сайқал үнді.
Қансонардан аңшыдай белбеуі бос,
Біліп мен бір күні қайтарымды.
Тілің тәтті зарлауық, безілдеген,
Сұғанағы қолдың да сезілмеген.
Атың кім деп қоймайсың, қайта-қайта,
Білмей тұрмын атымды, өзім де мен.
Қалай ғана өмірді оңайлаттың,
Түскені ме, бекерге самайға ақтың?!
Бар тағдырым дәл қазір,
Шыныменен,
Алақанда тұрғандай қарай қаппын.
Сығалаған өлім бе есіктен мың?
Жауыр сөз ғой,
Бұрын да есіткенмін.
Ұзақ өмір Есекше қажеті жоқ,
Мағыналы ғып өмірді шешіп бергін.
Таппағандай маңайдан сырлас адам,
Сұрақ емес,
Өзіңе мұң да шағам.
Әрбір сәтті күндерін жыл санаған,
Ұлықпан ғұмыр бер маған мың жасаған!
...Сыған қыз жүр күндегі, жолды торып,
Табыс табу, әйтеуір, қолды жорып.
Қателесіп тағдырым кете көрме?
Алақанды жайғызып,
Сорлы қылып!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter