Өлеңдер ✍️
АЗИАТ
Өргек ұстап жаныңды елден,
Қас түйіп те қарардайсың.
Ешқашан да қалың малмен,
Мына әйелді ала алмайсың.
Сары болсын қатқыл шашым,
Біз ұқпаспыз көп орайда.
Қоя беріп аттың басын,
Теңге іле алам көкорайда.
Сүйем сендік қызық елді,
Мен де аспазбын, білмейсің бе?
Бояулы оның қызыл ерні,
Бізге гүлдеп тұр дейсің бе?
Біреу келер назы жетік,
Білер қала мәнерлерін.
Күлер олар әжуә етіп,
Томырықтау дала ерлерін.
Біздер емес сыры мәлім,
Кешке, мүмкін, сол ер бүгін.
Қатты өрілген бұрымдарын,
Иығына төгер мұның.
Ат артынан кім салмады,
Жауда көп деп қыз дегенің.
Беліндегі қыл шалманы,
Бекер қармап іздемегін.
Бақты бұл ел заңыменен,
Таппас күшпен сері де ең бір.
Жетер жел, құм жалыменен,
Солтүстікке керуен-қыр.
Арай дабыл көтергенде,
Дала – сырмақ қой қаптаған.
Жел тигенде шетендерге,
Атқа қонсақ ойнақтаған.
Мұндай елді кезу арман,
Сарайды ашар дала аптабы.
Жусан исін сезіп алдан,
Жазар аттар қанаттарын.
Алтай таудың бауырында,
Жоқ ешқандай қарауылы.
Қаракөзді ауылынан,
Шығар алдан дала аруы.
Көкте қалып бедерлі құз,
Самұрық бұлт төмендерде.
Дәу сабадан дөнен қымыз,
Ішерміз біз зерендермен.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter