Өлеңдер ✍️
ШАША БЕР, ТУҒАН ЕЛ, ШАШУЫҢДЫ
Шаша бергін, туған ел, шашуыңды,
Қуанышпен қайтарғын ашуыңды.
Шалқуыңды көрейін тасуыңды,
Айдаһарлар фашистік басы улы,
Өзі құрған дарына асылулы.
Еске алайық ерлерді еңіреген,
Еске алған соң айтылмас жеңіл өлең.
Жырға қосып жан сырын жауынгердің,
«Елім-айға» қосылшы меніменен.
Дәм таусылды Днепр жағасында,
Сүйегімді, сүйген жар, табасың ба?
Сүйегімді, сүйген жар, табар болсаң,
Апарып қой ел-жұрттың арасына.
Туған жердің жамылып топырағын,
Мәңгі ата-бабама қосылармын.
Мен өлгем жоқ, көрмейсің сен жесірлік,
Аман болса қос қанат, қос құлыным.
Аналардың көңілі босамасын,
Қояйықшы айтпай-ақ осы арасын.
Жеңіс күнгі, бауырым, қуанышқа,
Желпінтіп бір сөйлеші, тост аласың,
Бекем ет деп, елімнің босағасын.
Болғаннан соң Отаны, сүйенері,
Болғаннан соң артында киелі елі.
Кешегі өткен ерлерден қалған көздер,
Бір-бір үйдің бұл күнде иелері.
Өшірмеген оттарын аналардың,
Босап отыр, жалған-ай, жүйелері.
Көре алмайсың бұл кезде кем-кетікті,
Жесір көншіп, жетімдер ер жетіпті.
Бәрі түгел, бәрі сай, ел несіпті,
Ай нұрына албырап әлем ұйып,
Таң самалы тербесін жел бесікті.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter