Өлеңдер ✍️

  05.06.2022
  163


Автор: Жарылқасын Аманұлы

ӨРТ ҚАСЫМ

Өрт Қасым,
Дауыл Қасым,
Ақын Қасым,
Көгіңде поэзия – жасын Қасым.
Шашайын жырдан шашу жетпісіңе,
Жырларың мерейіңді асырғасын.
Тірісің, тірісің сен, ел-жұртыңның
Қашан да қасындасың, қасындасың.
Кешегі саған тиген сыбағаның
Ащысын, аяулы аға, ұға аламын.
Жаралы жүрегінді жырмен емдеп,
Жаныңның жарықшағын сыналадың.
Табынып «тәңіріге» емес, талантыңа,
Ақыры құламадың, құламадың.
Дедің де «өлмесе екен сөзім менің»,
Тербеліп тұғырыңда көз ілмедің.
Қолдағы қаламсабың дір-дір етті,
Пернесін басып тылсым сезімдердің.
Сыңсыдың сыбызғыдай соқса дауыл,
Не деген төзімді едің, төзімді едің?!
Сазды әннің сал кеудеңді үні керіп,
Бергенде ағыл-тегіл тіліңе ерік.
Тар үйде тақиядай топырлапты,
Дос-жаран бірінен соң бірі келіп.
Толғапсың өмір жайлы, өлім жайлы,
Қорқыттай күңіреніп, күңіреніп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу