Өлеңдер ✍️

  05.06.2022
  121


Автор: Жарылқасын Аманұлы

ДОСТЫМ, САҒАН АЙТАР СЫРЫМ КӨП МЕНІҢ

Достым, саған айтар сырым көп менің,
Басып өттім қырықтың қырқа өткелің.
Енді қанша жанар отым жарқылдап,
Шарпиды екен шартарапқа от-лебім?
Шүкіршілік, осы ғұмыр ішінде,
Беттің арын төккен кезім жоқ менің.
Аз ба, көп пе, көрдім жақсы-жаманды,
Көру үшін жаратқан ба адамды?
Ақын деген атым шықты,
Күн туса,
Күңірентіп ұлан-ғайыр даламды.
Тебірентіп әруақты бабамды,
Алар ма едім алты қабат қамалды?!
Бірақ менің маңдайыма жазыпты,
Шүкіршілік мына тыныш заманды.
Сырлас болдым, мұңдас болдым талаймен,
Туыс та бар, жоқ деп айтам қалай мен.
Кей туысқа үңілем де түңілем,
Түңілген соң сырласамын Абаймен.
Мені атадан алтау деме, атадан –
Екеулерді тату дейін қалай мен.
Өкпе жоқ деп айтады ғой білімге,
Білімсізден түңіл, мейлі, түңілме.
Топырлаған тауық туыс аз емес,
Сенің, менің тары шашқан күніме.
Өзіңе сең деген Абай тағы да,
Сүрінбедім, сен де достым, сүрінбе.
Тоң еріткен алтын күрек секілді,
Тыя алмаспын аңқылдаған пейілімді.
Досым түгіл дұшпаныма ақылды,
Ойып берем, сұраса коң етімді.
Ел көңілі де болып менің көңілімдей,
Қайтармаса екен ешкім бетімді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу