Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
05.06.2022
298
САҒЫНДЫМ ЖУА ТЕРГЕН ҚҰМ ШАҒЫЛДЫ
Сағындым жуа терген құм шағылды,
Сағындым жұпар иіс жусанынды.
Сағынып сені мендей тебіренбес,
Ақын ғып тағы да анам туса да ұлды.
Мен едім бозторғайың көгіндегі,
Көгіңнен кетті ұшырып өмір лебі.
Мәңгілік саған деген сағыныштың,
Мен де бір дәруішпін шөліндегі.
Табан із, саусақ табым жатыр ма екен,
Ән салып, әкем өткен, асыл мекен?
Бәрі де кешегінің түс секілді,
Кім менің қимасымды жасырды екен?
Қайда үйім, мені туып жөргектеген,
Қай жерде тәй-тәй басып еңбектегем.
Алғашқы ана уызын емген жерге,
Бір тұғыр қойып неге белгі етпегем.
Туған жер, құшағы ыстық Қызылжарым,
Өмірлік өзің ғана – жырым да әнім.
Әзірге жеке-дара туыңды ұстап,
Астана татып жүрмін тұзын-дәмін.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter