Өлеңдер ✍️
ТАРАЗ ҚАЛАСЫНДАҒЫ ЖАМБЫЛ ЕСКЕРТКІШІМЕН СЫРЛАСУ
Бірінші толғау
Ассалаумағалейкум, Жамбыл ата, жан ата,
Атағыңнан бұл күнде Алатау да аласа.
Ат шаптырым алаңда, қолда қара домбыраң,
Тұр екенсің жүзіңді күнбатысқа қарата.
Маңдайыңда өзгеше ғасыр салған қатпар бар,
Тірлігіңде тірескен аз ба тәңір атқандар.
Әлде есіңе түсті ме
Туған жерден топырақ
Бұйырмаған боздақтар – күнбатыста жатқандар?
Талай жылдар өтіпті содан бері, жалған-ай,
Толқынындай теңіздің толқып жылдар әр қалай.
Түсті ме әлде есіңе оралмаған ордаңа,
Сұңқар сынды жау жүрек сүйікті ұлың Алғадай.
Кешір ата, халықтың кешегі өткен ұл-қызы,
Ұрпақ үшін, біз үшін беріктінің жұлдызы.
Отан ұлы болғанды ұмыта ма Отаны,
Өшпес атың қалдырып, көшпес белгі тұрғызды.
Жыр күмбезі дейді жұрт бұл шаһардың аспаны,
Сөз зергері қалаған тоқсан тоғыз жастағы.
Сол күмбездің ішінде өзің тұрсын о, тәте,
Екі ғасыр шындығы, екі ғасыр дастаны.
Екінші толғау
Келгенім жоқ базарға, қайтқаным жоқ алып түк,
Тағзым етіп қайтуға келдім саған, жарықтық.
Шалқарымды шалқыт та, шабытымды шарықтат,
Ақындық серт семсері – ақиқат пен анықтық.
Өзің тұрған алаңның жарқ-жұрқ етер маңайы,
Бұл базарда бәрі бар: алтын, күміс, қалайы.
Сол сияқты өмірде жанып тұрған жақсы мен,
Барып тұрған жаманның кездеседі талайы.
Өзің тұрған алаңның сән-салтанат маңайы,
Ащы-тұщы, тәттінің осы арада талайы.
Сол сияқты өмірдің ащы-тұщы, тәттісі
Тең бөлінбей
Адамның тепсініп жүр талайы.
Өзің тұрған алаңның қызыл қырман маңайы,
Бақта өскен жеміс пен жемістер бар жабайы.
Сол сияқты өмірде ақылды бар, дана бар,
Сол сияқты өмірде ақымақ бар анайы.
Өзің тұрған алаңның алаулайды маңайы,
Көздің жауын алады гүл шоғының арайы.
Сол сияқты өмірде қыздардың бар талайы,
Қыздардың да ішінде жарқыраған бар Айы.
Өзің тұрған алаңның сырға толы маңайы,
Құр келіп, құр қайтқандар тиын-тебен санайды.
Сол сияқты өмірде біреулердің жолы боп,
Біреулердің көңілін үміт шіркін жамайды.
Өзің тұрған алаңның айтыс-тартыс маңайы,
Жастар да бар, қарт та бар әппақ қудай самайы.
Сол сияқты базарды – өмір десек өзінше,
Оның да бар өзінше Құнанбайы, Абайы.
Өзің тұрған алаңның абыр-сабыр маңайы,
Сәтті-сәтсіз болатын базардың да бар айы.
Сол сияқты өмір де қан базарша қызып кеп,
Әркімдерге әр қалай қызығымен тарайды...
Үшінші толғау
Рұқсат болса қайтайын, жыр алыбы, жарықтық,
Қазынам да, жаным да менікі емес, халықтық.
Шалқарымды шалқытып, шабытымды шарықтат,
Ақын серті, дерті де – ақиқат пен анықтық.
Жеткенім жоқ әлі де жартысына жасыңның,
Кешір, ата, баршылық ағы бірақ шашымның.
Адам түгіл машина өлең жазар заманда,
Ақынына оңай ма жиырмасыншы ғасырдың.
Ақпандатып ақтарып шындықты айтқан ақынға,
Бас иеді екен ғой алысы да, жақын да.
Бір өзіңдей айбарлы азулы ақын болмадық,
Бөрі түгіл арыстан аласұрған тақымда.
Өлең жазсақ арнадық туыстарға, достарға,
Сезімді де құратын болып алдық жоспарға.
Өлең-жырға, ән-күйге тұнып тұрған дүние,
Тиын-тебен боп кетсе, халық оны қоштар ма?
Отына емес өлеңнің, түтініне шарпылып,
Жүрген ақын аз емес атақ қуып алқынып.
Өзге жүрек жыли ма өз бойынан ақынның,
Жүрегінің жылуы тұрмаған соң артылып.
Қумасаң да біздердей атақ пенен данқты,
Атақ пенен данқтың дәні өзіңде қалыпты.
Тоқсаныңда дауысың жарты әлемді жаңғыртса,
Жалпақ әлем жаңғырып жатыр бүгін, жарықтық.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter