Өлеңдер ✍️
ЖҮРЕГІ ПЕРНЕ ЖАН ЕДІМ
Алдыма алып әлпештеп, жасымнан шерткен
сырласым,
Жүрегім менің бар болса, пернең боп сенің
жырласын.
Жырламай қалар сор перне шанағы бір күн
сынғасын,
Жырламай қалар сор жүрек соғуы бір күн
тынғасын.
Жырлашы қайран жүрегім, пернелер төккен
сезіммен,
Пернелер төккен сезімге қара тас балқып
езілген.
Шымырлап сіңген жүрекке, шындықты ашшы
көзіңмен.
Ақынға біткен албырттық, батырға біткен
төзіммен.
Пернелер болса – жүрегім, мұң да бар менің
жанымда,
Лапылдап шығып көмейден айналар аппақ
жалынға.
Пернелер болса – жүрегім, сыр да бар менің
жанымда,
Айтатын сыршыл дүние, бір сенің ғана
алдыңда.
Пернелер болса – жүрегім, күнім бар жанды
өртеген,
Өтеуін күтпес дос болсаң, өкінбей күнде
шертер ең.
Есеппен ғана дос болсаң, сен қалай мені
ертер ең,
Ертеңін сатқан ессіздің елпілдеуінен жиіркенем.
Пернелер болса – жүрегім, ән де бар кеуде
кернеген,
Әлі де ешбір жезтаңдай әлемде айтып
көрмеген,
Қалғып бір кетер жанымды осы әннің сазы
тербеген.
Осы әннің сазы тағы да жаныма маза бермеген.
Пернелер болса – жүрегім, ырысым туа бес елі,
Тағасыз мінген тұлпарым, тау асып, теңіз
кешеді.
Пернелер болса жүрегім, қайғы да менде
жетеді,
Қайғысыз жұмыр бастыны, өмірде кем-кем
деседі.
Пернелер болса – жүрегім, бақыт та менің
басымда,
Туыппын заңғар заманда, туыппын ғажап
ғасырда.
Пернелер болса – жүрегім, інкәрмін барлық
асылға,
Інкәр ғып туған дүние ақынның бәрін басында.
Пернелер болса – жүрегім, жырлайды деме
жағынып,
Күй төгер қалай домбыра, пернесі жөнсіз
тағылып?
Шертіліп жалған домбыра, жырласам жаңсақ
жаңылып,
Сор жүрек пенен сор шанақ, сол жерде кетсін
жарылып.
Пернелер болса – жүрегім, жүректің – кеуде
шанағы,
Шаттана шалқып, кейбірде мұңдана өксіп
алады.
Аз емес әлі өмірде айырмас ақ пен қараны,
Осының бәрі тілімнен у менен бал боп тамады.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter