Өлеңдер ✍️
ОҚУШЫМЕН СЫРЛАСУ
Оқушым, көптен бері кезікпедік,
Демеңдер талантына сезікті едік.
Өзге үшін болса дағы өлең үшін,
Мен де әдет болған емес ежіктерлік.
Қосылып бозторғайдың шырылына,
Жалғандым жасыл бақша бұрымына.
Сағым боп сар далаға өрнек салып,
Сарқырап құйдым шалқар тұнығына.
Құлынды гүлді қырда жарыстырдым,
Арда емген асауларын алыстырдым,
Адасқан ақ маралдың әппақ лағын,
Ай іздеп анасымен табыстырдым.
Тезіне түсіп талай сынақтардың,
Ойнадым құлағында құр аттардың.
Мезгілсіз ерте сөніп бара жатқан,
Тұтаттым жауқазын жас шырақтарын.
Қамкөңіл жанға айтып Мәди әнін,
Сүйедім қолтығынан қарияның.
Серік боп сыңсып жүрген мұңлы аққуға,
Шарладым айдынында дарияның.
Мың тарау арнасы боп бұлақтардың,
Жайқалттым жапырағын құрақтардың.
Шерлінің шерін басып, күйін шертіп,
Мұңлы мен мұндарларға сыр ақтардым.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter