Өлеңдер ✍️
МЫНА КҮЗ ƏДЕМІ НЕТКЕН
Мына Күз əдемі неткен!
Көзіңнің сорады майын.
Қайыңның, əне, дір еткен,
Сырғасын тонады уайым.
Айдындай тұп-тұнық аспан,
Құстардың тізбегі – толқын,
Күйлерін мұң қылып шашқан,
Қайталап үлгерді шолпың.
Қоштасу үні екен, мұны
Ұқпадық əлі біз толық.
Шолпыңның Жүрекке үні,
Қонғанмен сағыныш болып.
Қайрылмай кетесің, жаным,
Əуендей əуеде еріп.
Күн батар – шекесі – жалын,
Көзімде сəуле де сөніп.
Жаным Күз отынан тоңды,
Жауратып бақшаны кеші.
Өрмекші тоқыған торды,
Жел жұлып қашқаны несі?
Өрмекші тоқыған тордай…
Үзілді үміттер, əне!
Бүрісіп отырған торғай,
Сен енді күліп көр, кəне.
Сен күле алмайсың бүгін,
Сені де мұң билеп алған.
Көңілде сарғайсын гүлім,
Соқшы тез түнгі леп алдан.
Түнгі леп ызғарлы неткен,
Отырмын қалтырап жалғыз.
Көшіпті гүлзарлы көктем,
Жүктерін артып ап алыс.
Күзгі Түн. Бұлт қайдан келген?
Жылама жылаған жаңбыр.
Мұңлы бір шырқайды əн кеудем.
Жылайды… жылаған – Жан бұл.
Мына Түн қараңғы қалай?
Мына Күз көріксіз неткен?
Жылатты адамды талай…
…сұлу деп келіппіз текке!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter