Өлеңдер ✍️
ТОҒЖАН
(Циклдық сезім драмасы)
І. Бірінші күн
Бітті бойда қуаты мол қызбалық,
…Үмітімнің сабақтарын мұз қарып…
Мұңдарымның моласына гүл қойшы,
Көктем кешіп, күз барып.
Қауым-қауым қиялыңды мезі еткен
…келмес жаққа жұмсап жібер…
Ал ауада асыр салсын кезекпен
Жылы жаңбыр, жұмсақ жел.
Сүйе сенде түнге иық,
…Көз алдыңда көлбеңдесін тұңғиық…
Сосын аспан алау ессін тылсыми
Жұлдыз жанып, түн күйіп.
Нали берме: Ашыныс
…нəби жасты науалатар нақақтан…
Жұлдыз біткен сөніп жатыр асығыс,
Түн соңына тақап таң.
Кірпігіңнің ұшындағы кіл сағым,
…Ол мендегі жыр шағын…
Оңашада қауышармыз қайтадан,
Жалғыздықтың жарып шығып құрсағын.
Əзірге сол сағына тұр, шыдаммен
…Жүрек жүгін арқалатпай ақылға…
Көңіліңнің көшесінен шығам мен
Сен мендіксің.
Мақұл ма?!.
Жүрегім жазған түн: 08.08.11.
ІІ. Екінші күн
Сұрақ… Сұрақ…
Жауап келсе – бір шешім,
Сезім-шамның сөндіре алмай білтесін.
Көбелегім ұша алмай жүрмісің,
Отқа орап қанатыңның күлтесін?..
Елес… Елес…
Елесімнің ескісі,
Күндіз ғайып сезімдегі Сес күші!
(Жарық жайлы жалған сөйлеп жарыса,
Түсінбейді түннің тілін еш кісі!..)
Ұйқы… Ұйқы…
Мүлгіп барад мұң – нала,
Өгейсіген өзге ешкімді тыңдама.
Еш қызға Мен
оқығам жоқ əлі өлең…
Өлеңімнің сөлін сорған түн ғана.
Күлгін… Күлгін…
Күрсіністер ішінен,
Жүрегіңе жебе болып ұшып ем.
Сезім-сауыт соққысына ұшырап,
Майырылды махаббатым. Ұсын Ем!
Үміт… Үміт…
Үмітті үдетті арман,
(Көлеңкелер көзінен түнек тамған)
Сенің иə…
иə…сенің бар Болмысың
Жанарыма жасырын түнеп қалған!..
Жүрегім жазған түн: 09.08.11.
ІІІ. Үшінші күн
Tалшығынан ТАҒАТ-тың сезім нұр ап,
(Соғады… сағыныштың түнгі лебі!)
Жүректің түкпірінде Өзім жылап,
Миымның дəлізінде мұң күледі.
Зерде зақым. Зейін – Өзің. Зар қысад…
(Мейлі… Мүлде… МАҢЫЗды емес қалғаны!)
Жанарымда жалт етеді жалқы сəт,
Кірпігімде сағыныштың салмағы.
Жан едім жан рахатын жырдан күткен,
(Айқұш-ұйқыш көңілде егес тегі!)
Құйылады ғарыштық жылдамдықпен,
Жанарыңа сезімнің елестері.
Шыдам шемен. Тағы да төзімді алдың,
(Жібек желмен жарысқан күлкісін-ай!)
Өткеніңе оралшы өзім бармын,
Көктеміне асыққан жыл құсындай!
Жүрегім жазған түн: 10.08.11.
ІV. Төртінші күн
Мен Өңімнен, сен түсіңнен оянып,
Жалқы, жалғыз жатқанымды түйсінем.
Санам сары түске кетті боялып,
Сағыныштың исінен.
Мендік мұңым қылық шығар əдепсіз,
Сағындыру – Уақыттың ұтары.
Тынысымда бүрлей берді қажетсіз,
Жалғыздықтың жұпары.
Махаббатым аяғы жоқ, басы бар,
Бөлмедегі бейнем үнсіз… боркемік.
Кірпігімнен күйік исі шашырар,
Көз жасыма өртеніп.
Қас қарайған. (Кешкі мұңның əлемі…)
Жүрегіңнің жаппа маған есігін.
Көз алдымда кескінің тұр əдемі,
Ерінімде есімің.
Жанарыңның жұпарына шала мас
отырамын. Оңашаны сый ғылып.
Тоғжан мені тоздырғаның жарамас,
Уақыттың өлшеміне сыйдырып.
Жүрегім жазған түн: 11.08.11.
V. Бесінші күн
СЕЗІМің Пайымның пұшпағын илейді,
Шеттетіп шерлі ойдың құнсызын.
Отты айнала
Періштелер билейді,
Желге шашып жанарымның дым-сызын.
Болмысымның жұпарына бойлар мең?..
(Жанарыңда басым иə – шық десі.
Ми маңында қаза болған Ойлармен,
Сезім соңы – сөйлемдердің нүктесі…)
(Құс қиқулы үмітімді үркітпе)
Жанарға жұғып қап, Ай нұры:
Қобыздан қашқан үн тұнады кірпікке,
Махаббат мақамын сімірген қайғылы!
Мұңымның мөлшері – сыймайтын Көлемге
ТАҢДАНЫС тереңдік ояр мың.
Сағыныш сыңсуы өрілген өлеңде:
Бейнеңнің бояуын қалың ғып қоярмын.
«Жүзіңнен аққан мұң – жүзімнің шарабы» –
деп оны ішейін құйып ап қолыма.
Сондағы масаңдық тарихын баяндап,
Айналып кетейін өлеңнің жолына…
Жүрегім жазған түн: 12.08.11.
VІ. Алтыншы күн
Құныстанад… (кеудем сірə хал ұқпақ):
Күміс қанат көбелегім қалықтап,
«Қараңғыға» қойып кеттің бүгінде,
«Жарық нұрдың» жұпарынан алып қап.
Мазалы ой… ми бүреді… құрсаулап
Жалғыздыққа жоламашы, жүрші аулақ.
Қыз бітімін өшіре алмас санасы
Күзгі түннің қанатынан мұң саулап.
Атырапта аңқығанда түн исі,
Жалғыздықтың жанарына құм үйші.
Сосын менің ғазалымның ішінен,
Нəті нəзік болмысыңмен жымишы.
Жүрегім жазған түн: 13.08.11.
VІІ. Жетінші күн
Жетінші күн… Апта аяғы… Жексенбі…
Жыр жолдары таусылуға таяған.
Самаласы сағыныштың ескен-ді,
Мені ешкім жоқ аяған.
Жырларым ше?.. (жазықсыз ғой…) ұрсамын …
Ұят шығар алдымдағы түнді аттау.
Жетістім бе? Жеткізбейді мұң-сағым.
Жетінші күн – жұмбақтау.
Жүру жоқ нақ басып:
Қалтылдадым. Қаусадым!
Қағаз қалған Ойларыммен баттасып,
Жетінші күн – сия сіңген саусағым.
Жетінші түн – жетер емес қаяу үн,
Сабылумен үйге ендім.
Білесің бе? Болмысыңның бояуын,
Сағынуды үйрендім.
Кірпіктен ызғар ұшқан,
Көңілде көжектеп күдік-қоян:
Сенің сұлу бейнеңді қызғаныштан,
Жанарыма жасырып тығып қоям.
УАҚЫТ-қа масыл етті күндерім,
Қаламсаптан қорқад қол.
Жетінші күн – жырмен жолдас түндерім,
Сегізінші… екеумізге ортақ бол!!!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter