Өлеңдер ✍️

  04.06.2022
  121


Автор: Мерген Тоқсанбай

Іздеп барып ем…

Іздеп барып ем… күтіп алмадың,
(Солай ма еді əлде үкімі Алланың?!.)
Ауаға сіңіп сағыныш əнім,
Жолда жоғалды бүкіл арманым.
Қара көк Аспан, лағыл Ай – тылсым,
Аспанға мұңым тағы да айтылсын.
Өлеңімдегі өрімдей қыздан
Өзіңді неге танымай тұрсың?
Үнсіз аққанда дерт емген ақ түн,
Қара өлең буып сенделген шақ мың.
Қып-қызыл шоғы жұлдыз боп тамды,
Алақанымда өртенген хаттың.
Жылдарды салып араға бүгін,
Сезімнің сепкем жарама күлін.
Ұмытып сені үлгереген едім,
Жаныма жақын жолама, күнім.
Шашса да нұрын жаныма Ай – күлгін,
Салқындығынан налымайтынмын.
 Өлеңімдегі өрімдей қызды,
Қайтейін, мен де танымай тұрмын.
Есімнен кетпей күлімдегенің,
Төзіммен күтіп үгілмеп едім.
Ол кезде сені құлай сүйіп ем,
…Ол кезде бұлай бүлінбеп едің…




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу