Өлеңдер ✍️

  04.06.2022
  84


Автор: Ақылбек Шаяхмет

Бұл жалғанның сайраны мен ойранын

Бұл жалғанның сайраны мен ойранын
Көрудей-ақ көрді қазақ. Қой, жаным!
Өз үйінде шайқап ішіп шалабын,
Қонағына ұсынатын айранын.
Тағдыр басқа не салса да көнетін,
Өтірікке, өсекке де сенетін.
Өз үйіңде быламық жеп отырып,
Қонағына қойын сойып беретін.
Қадірлеген əр руы батырын,
Арбамен де қоян қуған ақырын,
Өзге тілді түгел біліп алсам деп,
Ана тілден қалғандар бар мақұрым.
Діні басқа, тілі басқа болса да,
Қойындасқан жатбауырды жар санап.
Аярларды асыраған арланбай
Елдестерім, жерлестерім қаншама?!
Мансапқұмар, атаққұмар, желөкпе,
Мақтанғанда сыймай кетер шелекке,
Өнерін де мал табуға жұмсаған
Қазағыма, айта берсем, көп өкпе.
Көріп қалдым көне күннің жұрнағын,
Жөргегімнен бесік жырын тыңдадым.
Өркен жайған бүкіл əлем жұртына
Бермеймін мен сол қазақтың тырнағын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу