Өлеңдер ✍️

  04.06.2022
  113


Автор: Ақылбек Шаяхмет

Өзім туған топырақтан нəр алып...

Өзім туған топырақтан нəр алып,
Алпамыстай келеді өсіп бір алып.
Бұлшық еті білеу-білеу бұлтылдап,
Қайраты асып, айқасқа тұр сұранып.
Тізесі қан, төсі жара, басы аман,
Сол баланы қолдай көрші, Жасаған!
Өйткені, ол ет-сүйектен жаралған,
Мүсін емес мəрмар тастан қашаған.
Жүрегіне нұрын құйып жарықтың,
Жанарында жалын ойнап алыптың,
Быт-шыт қылып зұлымдықтың бұғауын,
Көңілінен шығар ма екен халықтың?!
Ел сенген ер жерге қарап ғашықтай,
Қорқауларды аспанға атып асықтай,
Жамандарды жамбасқа алып лақтырып,
Өз шаруасын жасаса екен асықпай.
Төрт түлігім түгел келіп өрістен,
Дастарханым көрінбесе жемістен,
Жастық алып төрде жатса жантайып
Қонақтарым түр-тұлғасы келіскен.
Сонда менің көтеріліп мерейім,
Жыр-шашуын ақтармас па көмейім.
Бесік жырын жаттап өскен жасынан,
Асылымды таныт демей не дейін?!
Тілім үшін күресетін өлеңім,
Қиянатпен тіресетін өлеңім,
Алпамыстай өсе берсең күн санап,
Алып болып шығарыңа сенемін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу