Өлеңдер ✍️

  04.06.2022
  124


Автор: Ақылбек Шаяхмет

ЖИЫРМА СЕГІЗ

Қайран, асыл жылдарым!
Өлең-жырсыз күн кеше алмас ақындай,
Өздеріңмен мəңгі бақи достастым.
Москваның түбінде,
Шейіт болған жиырма сегіз батырдай,
Жиырма сегіз жылмен, міне, қоштастым.
Жиырма сегіз ат күшіндей екпінің,
Адам айтса, сенгісіз,
Айдалаға атқан оқтай көп күнің,
Қай арада қалғандығы белгісіз.
Жиырма сегіз қыстан кейін жиырма сегіз көктем кеп,
Қанша тоңып...
Қанша күйіп-жандырдың?!
Жиырма сегіз жылым менің,
Қайратыңа өкпем жоқ,
Қарсы тұрдың соққысына тағдырдың.
Кайрылмайтын жаққа сапар шектіңдер,
Соңдарыңнан жүгіруге шақ қалдым
Көз алдымнан бір-бір ұшып кеттіңдер,
Жиырма сегіз күні сынды ақпанның.
Қайран, асыл жылдарым!
Қуанышым, көз жасым,
Шекарасы жиырма бес пен орда бұзар отыздың!
Мүмкін емес жер басу,
Өздеріңді ұмытып,
Тəнім менің жер қойнына енгенше,
Көздің оты сөнгенше,
Жүрегімді жүресіңдер жылытып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу