Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
04.06.2022
106
Адамдар көп жырымды естімеген...
Адамдар көп жырымды естімеген,
Елең етер тумай жүр ешбір өлең,
Достаса алмай жүрмін бе жаңаменен,
Қоштаса алмай жүрмін бе ескіменен?!
Нар тəуекел!
Тағы бір сілкінейін,
Жай ойнатып, аспаннан күркірейін.
Шаңы шығып, құлазып жатқан жонға
Жып-жылы жауын болып сіркірейін.
Көп тамшымен арнасын мөлдір көлдің
Толтырам деп достарды сендірермін.
Бізбіз нағыз жас өркен Қасым ақын
Жер сарайын жаңғыртып келді дер кім?!
Құлпыртсын деп кең-байтақ өлкемізді,
Есейткен-ді бұл өмір ерте бізді.
Қаулап өсер шалғынға топырақ боп,
Бір күн əлі қымтармыз көрпемізді.
Болмаса да көп жаннан ерек күнім,
Басылмайды ешқашан өр екпінім.
Туған жерді гүл менен жырға бөлеп,
Еңбек етіп кетуім керек менің!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter