Өлеңдер ✍️
АНА ТІЛІМ
Шарпуы ар атының, жан отының,
Əкемдей құдіретті ана тілім.
Келесің от пен судан аман сақтап,
Астына алып мені қанатыңның.
Ана тіл – анамыздың ар-намысы,
Ана тіл – бабамыздың толғанысы.
Ана тіл – құлын-тайы шұрқыраған,
Даңғайыр даламыздың жан дауысы.
Жаңғырып қиыр шетке шыққан үні,
Ана тіл – Абай жыры, Мұхтар үні.
Ананың қасиетті сүтін емген,
Ана тіл – бал-бөбектің құт-дарыны.
Ана тіл – ақ əженің омырауы,
Ана тіл – Алтынсарин қоңырауы.
Өз тілін білген жанның мүмкін емес,
Өгейсіп, өзге тілді танымауы.
Ана тіл – туған елдің тұзы-дəмі,
Шуағы, жауыны мен мұзы, қары,
Ана тіл – наз-қылығы ерке қыздың,
Өмірде басылмаған қызығы əлі.
Ана тіл – ақсақалдың пəк ғұмыры,
Ана тіл – ардагердің ақтық үні.
«Жаным!» – деп елжіреген сүйген жардың
Тілінен білінбей ме тəттілігі.
Ана тіл – бар қызығым, азап-мұңым,
Ана тіл – ар-ожданым, азаттығым.
Өмірдің таңғажайып бесігінде
Келесің тербеп мені, қазақ тілім!
Естілсе төңірекке шат дауысым,
Тілімнің тірлік етіп жатқаны шын.
Ана тіл – жан айнасы, абыройым,
Мəңгілік жырлап өтер мақтанышым.
Шабыттың шалдықпаса кер дөнені,
Ешқашан бөле алмайсың елден мені,
Тоқтамай бір қалыпты соғып тұрған,
Ана тіл – бала-жүрек кеудемдегі.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter