Өлеңдер ✍️

  04.06.2022
  109


Автор: Ақылбек Шаяхмет

Жүйрік қиял ойымды ала қашып...

Жүйрік қиял ойымды ала қашып,
Арнасынан жырымның барады асып.
Ойлап тұрсам, жақсылық жамандықпен
Өмір-бақи келеді жағаласып.
Жүргеннен соң даңғырлап, баса-көктеп,
Теңесіпті кей кезде есек атпен.
Ойлап тұрсам, кешегі ұлы Абай да
Арпалысып өтіпті кесапатпен.
Жақсылыққа, əрине, құмар далам,
Ұлы ақынның есімі тұмар маған.
Бірақ, бірақ, болды ғой арамызда
Надандар да Қасымды ұға алмаған.
Санасыздар көп жанды əлі ұқпайды,
Ұқпадым деп өздері қамықпайды.
Сөздің мəнін білмейді, өйткені олар
Ештеңеден ешқашан тарықпайды.
Болды ғой, болды, болды, болды бəрі,
Жас келді жаңа өмірге, өлді кəрі.
Сый білмес ант ұрғандар қалды кейбір,
Жаныңды солар қатты тондырады.
Арманның алып қашса арғымағы,
Кейбіреу кең жолыңды тар қылады.
Жігерге жанып жүрген қайратың да
Наданмен күресем деп болдырады.
Рас, қазір түзелді тұрмысымыз,
Əр отауда шалқиды ырысымыз.
Жеген асың – жал-жая, аста көлік,
Соның бəрін жинадық кім үшін біз?!
Мықтымсып, тексіз біреу төс кереді,
Бұл бала қай далада өскен еді?
Жақсы киіп, тамағы тойса болды,
Одан басқа ойламас ештеңені.
Демесе де мұнымды теріс елім,
Неге, неге ойсызбен келісемін?
«Ісің ала, ойларың шала ғой» – деп,
Кіммен барып, əй-шəй жоқ, керісемін.
Толғанумен кей түні таң асырам,
Зығырданым қайнайды дəл осыған.
«Жарқыным-ау, тал түсте мұның не?» – деп,
Кімнің барып аламын жағасынан.
Осылай деп ойлап ем...
Жырым кенет
Алпамсаға айналды елден ерек.
«Менен асып баратын жерің жоқ» – деп,
Тұрып алды əлгінің жолын бөгеп.
Жаңа ғана бүр жарған өндір едім,
Не де болса, бəріне көндігемін.
Ізгі ниет, ақ көңіл адамдар-ай,
Өлеңімді қолдай көр енді менің!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу