Өлеңдер ✍️
СОҒЫС ЖЫЛЫ, ОТ БАСЫНДА
Білте шамның жарығында қолқап тоқып білтегешпен,
Бір қарт əже, бір жас ана екеуара шүйіркелескен.
Əлі гүлі ашылмаған, жар ыстығы басылмаған,
Оттай қызу от басында өткен шақтар кетер ме естен?!
Өткен күннен сөз өрбітіп, өгейсінбей келін-ене,
Мама бие, жас құлындай елжірей ме, емірене ме?!
Сыртта боран соқса да үдеп, қабырғада тұрған сурет
Біріне – ұл, ал біріне – сүйген жар боп көріне ме?!
Сойқан соғыс талайлардың ошақтарын ойрандады,
Көп ай өткен үзілгелі ұлдан хабар майдандағы.
Кейуананың сағынышын, келіншектің сайран-бағын
Жегідей жеп, желі де үдеп, жəдігөйдей ой қамады.
Көз жұмылмай көңіл алаң, ойға алынған іс өңбей тұр,
Келін-ене сырт көздерге қатып қалған мүсіндей бір,
Білте шамның жарығында ұзақ түннің жарымында
Жіңішкерген үміт жібі созылса да, үзілмей тұр.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter