Өлеңдер ✍️

  04.06.2022
  118


Автор: Ақылбек Шаяхмет

ҚАЙҒЫ

Елдің көңіл күйіне қарамайсың,
Тисе жұғып кететін қара майсың.
Ине болып шаншисың бүйірімнен,
Жүрегімді аяусыз жаралайсың.
Қылығыңды жүрсем де теріс көріп,
Жүрген жолың кетпейді тегістеліп.
Көп алдында қинайсың тағы мені,
Сөгі сығып алынған жеміс беріп.
Сенім, шаттық болғанда тайталасың,
Қалай ғана, білмеймін, жай табасың?
Күдік болып кіресің қойынына,
Талайлардың меселін қайтарасың.
Жақсылыққа жаныңды бөлемесең,
Жүрсің текке жер басып немене сен?
Айтшы, қайғы, менімен жұмысың не,
Бар деп сені өмірде елемесем.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу