Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
04.06.2022
114
Күттім таңның жанға жайлы самалын...
Күттім таңның жанға жайлы самалын,
Бай боп жүрдім киімінде жарлының.
Жаздың күні төбесінде қораның
Жұлдыздарға қарап жатып қалғыдым.
Таба нанға жағып жесем сары май,
Сиыр сүтін ішіп жүрдім қайнатпай.
Ауыз суға қалсақ кейде жарымай,
Сол кез маған көрінеді қаймақтай.
Жандары ізгі жақсыларға жұғысып,
Кейбір жаман əдетімнен арылдым.
Жылқы үйірі ішкен жерден су ішіп,
Аққу жүзген көлге барып шомылдым.
Жусан иісін жұтып өстім далада,
Терең сайдан теріп жедім бүлдірген.
Кейін тұрақ тапқан соң да қалада,
Сол бір шақты аңсап қатты жүрдім мен.
Ұрлап жеген шешеміздің құртын да,
Балалық шақ – ең əдемі бал шағым.
Қалған жандай ескі қоңыс жұртында,
Сенен алыс кетемін деп шаршадым...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter