Өлеңдер ✍️
Астана, саған айтамын!
Қас қағым сəтте Арқаға мынау ғажайып қала орнады,
Астана сəні, сəулеті, шамы жанарды бірден арбады.
Астана дəмін татқанға мен де шүкірлік қылдым: ақыры
Қонды деп қолға Кенедей ханның шығандап кеткен арманы.
Балықтың өзі шіриді дейді құйрықтан емес, басынан,
Кей кезде мен де амалым жоқтан басымнан сөзді асырам.
Меймандар көрдім мейманханаларда мейманалары тасыған,
Тойғандар көрдім мейрамханаларда милары əбден ашыған.
Көшеңде жүрген, қадірін білген қазаққа сенсің баспана,
Алматыға еліктеп, бірақ, болмасаң болды мас қала.
Аңдыған дұшпан аяқ астында жүр сені торып, Астана,
Ашыған миды суығың сенің алса екен сорып, Астана!
Астана, сенің ашық болсыншы кіршіксіз таза аспаның,
Астана, саған ғашық болсыншы құрбы мен құрдас, достарым,
Қызығы болып кетпесең екен ақшасын төккен басқаның,
Тілегім əзір, жоқ менде қазір осыдан асқан басқа мұң.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter