Өлеңдер ✍️

  04.06.2022
  127


Автор: Ақылбек Шаяхмет

Қамалсаң темір торға да...

Қамалсаң темір торға да,
Құласаң терең орға да,
Тап болсаң мидай сорға да,
Қалдым деп сонда ойлама.
Қанағат қылғын барға да,
Күзетшің болсын ар ғана,
Жүректі мимен қорға да,
Қазақтың атын қорлама.
Жүгеннен тұрар именіп,
Аяққа шідер кигендер,
Қамытқа мойны үйреніп,
Ноқтаға басы кіргендер,
Айдауға əбден еті өліп,
Өмірем қауып жүрмеңдер.
Шабатын кезде арында,
Жанатын кезде жалында,
Қамалды бұзар шағында
Қыздырғын жойқын шабысты.
Жанашыр болса жаныңда,
Ерте ойла елдің қамын да,
Бұғауға мүлде бағынба,
Жоғары көтер намысты!
Жегуге атты үйретіп,
Асауға тұсау салғандар,
Күймесін қос ат сүйретіп,
Көңілді думан құрғандар,
Арбаны мінген күйретіп,
Мертігіп бір күн қалмаңдар.
Аяқта шынжыр болса да,
Қолыңда кісен болса да,
Мойныңда арқан болса да,
Көрсең де бейнет жасыңнан,
Шынжырды бұзып шығуға,
Кісенді кілтсіз бұзуға,
Арқанды үзіп шығуға
Қауқарың жетсін, жас ұлан!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу