Өлеңдер ✍️
Қазағым-ай!
Қазағым-ай!
«Аман ба мал-жан?» – дейтін,
Қожанасыр секілденер бар кейпің.
Үйде отырып терлеп кетсе: «сырттағы
Ат жабуын жылдамырақ ал!» – дейтін.
Кейде тіпті алды-артына қарамай,
Аңдаусызда іс жасаса шалағай,
Отырады өткен іске өкініп,
Шешесінен таяқ жеген баладай.
Қазағым-ай!
Төрге шықса мəз болған,
Тез өзгерген, сөзге де ерген азғырған.
Қонақ келсе барын түгел беретін
Көл секілді айдынына қаз қонған.
Думан-тоймен өткізген соң жас күнін,
Дұшпанға да дəлелдеген достығын.
Қысқа күнде қырық рет құбылған,
Өзгелердің тез қабылдап дəстүрін.
Намысы бар алған беттен таймайтын,
Мінезі бар кейде қаным қайнайтын.
Ісі менен сөзі бөлек кеткендер
Алланы да алдаймын деп ойлайтын.
Бейнеті де, зейнеті де малынан,
Жан берсе де, айырылмаған арынан
Сол қазақтың ұрпақтары бұл күнде
Періштені тайдырмақ па жолынан?
Кейбірінің түсі қазақ, сөзі орыс,
Көктесе де көктей солған көкөніс.
Алға шықса, кедергі көп тосыннан,
Артқа кетсе, жоқ ешқандай бөгеліс.
Қазағым-ай!
Ерте тұрып, кеш жатқан,
Көмек күтіп отырмаған еш жақтан,
Өз тапқанын өзгелерге ұсынған,
Əлі сенің көрер сорың бес батпан.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter