Өлеңдер ✍️
ТЕМІРҚАЗЫҚ
Тəуелсіздік таңы атқанда кетті толқып жүрегім,
Қуаныштан гүлдей жайнап, арайланды реңім,
Шұғыласы армандай боп келген күнім осы ғой,
Жалғыз серпіп түріп тастар қараңғылық түнегін.
Қара мақпал қою түннің көтеріліп етегі,
Ала шарбы шуда бұлттар қарбаң-құрбаң етеді.
Алаулаған жалындардың арасынан қып-қызыл
Желтоқсанның құрбандары елес беріп кетеді.
Халқымыздың көңілінде бұғып жатқан ой-арман
Жүзеге асып, жердің беті шұғылаға боянған.
Қайғы тартып, зар-заманда уайымнан сарғайған
Далам менің арыстардың ұранынан оянған.
Басқа қонып бабамыздың бақыт құсы аңсаған,
Сен жайында əндер шырқап, жыр арнаймын мен саған.
Атқан таңды достарыммен бірге күліп қарсы алам,
Қызық толы тіршілікке қараймын да, тамсанам.
Жаңа ұрпақ келе жатыр қолдарына ту ұстап,
Тұрмын күліп күннің күміс моншақтарын уыстап.
Бет қаратып, жан жолатпас айбатыңнан сескеніп,
Көлеңкелер таса жерге жасырынды жылыстап.
Жылдар сайын биіктесе дараланған өр тұлғаң,
Кемпірқосақ бояуындай сан құбылған көркің бар.
Қазақ елі, қазақ жері көсегемді көгертсе,
Тынығуға, жыр ұғуға, шынығуға еркім бар.
Күн менен түн тойын жасап, жарыстырып дүлдүлін,
Итжығыс боп жатқан шақта кезек жеңіп бір-бірін.
Тəуелсіздік – күндіз көкте сəуле шашқан алтын күн,
Түн болғанда жол сілтейтін Темірқазық жұлдызым.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter