Өлеңдер ✍️

  04.06.2022
  132


Автор: Ақылбек Шаяхмет

КӨЗІМДІ АШЫП КӨРГЕНІМ

Көзімді ашып-көргенім – халқымыздың зар-мұңы,
Кейін оқып-білгенім – қасірет қой барлығы.
Өткен талай ханталас, болған айқас, тайталас,
Кеткен ғасыр томдарын, айналайын, байқап аш.
Мансап пенен тақ үшін бауырын да бауыздар,
Аямаған танысын болған небір жауыздар.
Есек озып кей кезде арғымақтан жараған,
Қансыраған қыранды қара құзғын талаған.
Өз əкесін сабаған, өз баласын қамаған
«Айтақ!» – десе бас салған иттер болған қабаған.
Қай патша да елімді тастамаған қарық қып,
Соның бəрін көтерген, қайран, қазақ, жарықтық!
Текеметті тоқым қып, домбыраны отын қып,
Істеген ғой білгенін нұр түспеген соқырлық.
Қызыл қанға боялса ақ сүт берген омырау,
Шырылдаған сəбиді естімеген саңырау.
Хан Кенедей асылдың басын алған ақымақ
Пендеге де бір жерден бұйырыпты топырақ.
Ал батырдың денесі бассыз кірген ақырға,
Басыменен қауышар күнін күтіп жатыр ма?!
Танытам деп даңқымды туын тігіп қызылдан,
Қанжоса қып халқымды өтті жылдар бұзылған.
Қолын қырқып күйшінің, тілін кескен ақынның
Қорқынышты қоғамда құлдай болып сатылдым.
Барлау үшін жан-жақты сырын білмей кəпірдің,
Шайнап тастап бармақты, шерменде боп отырмын.
Көк бөріні шоқиып ай астында ұлыған
Атқан аңшы отына қалай ғана жылынам?!
Жаялығын баланың шұлғау қылған əскерге,
Қалай дəтің барады ақ дəміңді тос деуге.
Қытайыңды қорқытып, қалмағыңды үркіткен,
Ер мінезді қазағым айнымайтын бүркіттен,
Айналыпты бұл күні шырылдаған торғайға,
Бірақ, əлсіз торғай да өз ұясын қорғайды, ə?!
Қазақ жайлы, əйтеуір, таусылмасын күй-аңыз,
Көк аспанның астында бұзылмасын ұямыз!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу