Өлеңдер ✍️

  04.06.2022
  152


Автор: Ақылбек Шаяхмет

«Ішке сыйған перзентім сыртыма да сияды» –

«Ішке сыйған перзентім сыртыма да сияды» –
Дейтін қазақ жат жұртқа қызын қалай қияды?!
Кейде суға сүңгиді асыр салып ұшқыр ой,
Кейде көкке самғайды ақындардың қиялы.
Іште жатқан ойларым кетсе сыртқа жайылып,
Шашыраған қойлардай алу қиын қайырып.
Қандай ащы болса да, айтамын деп шындықты,
Талай рет тілім де кеткен жоқ па ойылып.
Өлең,шіркін – өсекші, сырды шашсаң шашудай,
Өзегіңді өртеген өксігіңді жасырмай,
Іште жатқан дертіңді шығармасаң сыртыңа,
Қырау қатқан қабағың қалады ғой ашылмай.
Тамырымнан алатын тіршілікке керегін,
Өлең – менің бөбегім, іште жатқан шеменім,
Қызуымен дененің, жалынымен өленнің,
Жаурап жүрген жұртымды жылытайын деп едім...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу