Өлеңдер ✍️

  04.06.2022
  110


Автор: Ақылбек Шаяхмет

Езбенің көр-жерді айтып былшылдаған

Езбенің көр-жерді айтып былшылдаған
Тыңдауға сөзін бөлмей кім шыдаған?!.
Тыңдаушым сылдыр сөзден мезі болса,
Сөз сөйлеп, мен де кейде тынышыңды алам.
Тұруға данышпансып, ақыл айтып,
Білмеймін, барады екен дəті қайтіп?!
Мақтамен құлағыңды жапсаң-дағы,
«Қойшы!» – деп тоқтатпайды жақыны айтып.
Шешенсіп, көсемсініп көкіме қырт,
Сөйлейді кеуде керіп, екіленіп.
Шарадан асып-тасып төгіледі,
Быршыған көбік-айран секілденіп.
Жете ме айтқан сөздің мəні көпке,
Жай үн бе тарап жатқан төңірекке.
Өзгеде ауыз біреу, құлақ екеу,
Мылжыңда сол ауыздың саны көп пе?!
Ұйытса лебізің халықты бар,
Топ бастар шешендігің анық шығар.
Қоймасаң тілге тиек, жүйесіз сөз
Жанды да ең сабырлы жалықтырар.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу