Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
04.06.2022
155
СӨЗ
Пайда болған тұңғыш сөз нұр төккенде жарық күн,
Құдіретті жарықтық мысын басып алыптың.
Биік-биік шыңына алып шыққан даңқтың,
Артын бақсақ əліптің, сөз – байлығы халықтың.
Келген сөзді көмейге қалай ғана іркемін,
Қасиетті тілімнен танылады түр-тегім.
Өшіп бара жатқанда тұқылындай білтенің,
Сол сөзбенен тарихын қашап кеткен Күлтегін.
Қысын көрсең өмірдің, əрине, оның жазы бар,
Өткен күнді тергейтін келешекте қазы бар.
Кім біледі, күні ертең маңдайға не жазылар,
Құдық қазған күрекпен қабірің де қазылар.
Қатып жатқан күртік қар қас қағымда қозғалар,
Біреу тонып секірсе, біреу тойып мəз болар.
Алғыс айтқан ауыздан қарғыс шығар кез болар,
Киім шіріп, тəн тозар, өшпей жалғыз СӨЗ қалар
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter