Өлеңдер ✍️

  04.06.2022
  112


Автор: Жұмекен Нәжімеденов

ЖЫЛ БАСЫ

Таң ағарды.
Шығыс жақтан қып-қызыл
қызыл күннің бір құлағы шықты ұзын.
– Жылды бұрын кім көре алса – сол бастар
уақытты.
– Ал, қараңдар, ал, достар!
Хайуанаттар жар салды.
Шу-айқайды
таңғы әлсіз жел ыққа итеріп байқайды.
Менен биік кімі бар, – деп, – тырс етпе! –
түйе тұрды бойға сеніп бір шетте.
Маймыл бәрін айналдырып қылжаққа,
доңыз байғұс қорсыл қақты бір жақта.
Ит өзінің ит екенін ұққанда,
дүр сілкініп қызыл әтеш шықты алға.
Хайуанаттар жиылды.
Шу-айқайды
таңғы самал ықтырып ап қайқайды.
Мекіреніп қоңыр саулық көп тұрды,
үркек қоян бір бұтадан кетті ырғып.
Хайуанаттар жиылып-ақ болған-ды.
Ең соңынан жылан шықты дөңге әлгі.
Маңай тынды, тынды бәрі, тым-тырыс.
Ал, итеріс, ал, ұмтылыс, ұмтылыс!
Кенет бірі:
– Әне! – деді, – Жыл, әне!
Тосын дауыс бір жаңғырып тынады.
Шығып алған өркешіне түйенің
тышқан екен – қылтияды құлағы.
Тасыр емен тақырыпты жай таңдар,
сезгенімді, түйгенімді айтам бар:
болмайды екен тышқан деген сайтанда ар:
ей, түйелер, тышқандардан байқаңдар!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу