Өлеңдер ✍️

  04.06.2022
  107


Автор: Жұмекен Нәжімеденов

МЫСЫҚ ТІЛЕК

Дана қартқа со заманда баяғы
біреу келіп күнде қолын жаяды:
«келер күннің бір белгісі жоқ әлі», –
айтшы, қашан топан-тасу болады?
Шөккен кәрі қайғы арқалап, шер теңдеп,
алдайды екен күнде әлгіні «ертең!» деп.
Жеткізбейтін қиял мініп тебінсең –
ертең, ертең! Неткен алыс едің сен!
Шыдамсыз жан қаусап, тозып бітті енді,
белі – сұрақ белгі құсап бүктелді.
«Қашан? – деді тағы бірде, – ал, қашан?
бауыздаймын бүгін болжай алмасаң –
Кәрі суайт, сұрап тұрмын соңғы рет!»
Шынымен-ақ қазам осы болды деп
қарт қиналды;
төгіле алмай мөлдіреп
сақалына бір тамшы жас қонды кеп:
«Бар жақсы адам өліп бітсе,
сол күні
шаяр, – деді, – бәрін топан толқыны;
жаһанда әзір бір-ақ жақсы адам бар,
сол құрыса – жер де өмірін тәмәмдар».
«Ол кім екен?»
Дүңк етті қарт: «ол – сен!» деп,
«Ол – сен!» – деді, – сырт айналды кемсеңдеп.
Әлгі жауыз өзі-өзіне кектеніп,
сол сәтінде буынды да кетті өліп.
Ескі әңгіме.
Ескермесең – әрі жүр,
әрі жүрші, қызыл иек кәрі жыр!
Бір жақсылық жасады сол дана қарт,
ал, жауызда обал болса – маған арт!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу