Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  174


Автор: Жұмекен Нәжімеденов

ЖАРАСТЫҚ

Бірді сынап жүрген жұрт, бірді міндеп:
қара қарға байғызға күлді күндеп.
Бозторғай жүр – шиқылдақ балапанын
уа, менің кіп-кішкене бұлбұлым деп.
Қанден кімнен кем екен!
Пілге үреді.
көп мақтама, қой, ойбай – бүлдіреді.
Салыстырсаң қарғамен
бозторғайдың
балапаны, шынында, бұлбұл еді.
Атақ десе көңілге құрт кіреді,
бұлбұлды әркім, сондықтан, түрткіледі.
«Елге мәлім бұлбұлдың таңғы әуені,
есектің де есімін жұрт біледі».
Деп тоқылдақ бір жақтан дау шығарды;
(дауға жарар оның да даусы бар-ды)
Жас жолбарыс аулақта жатты жымып,
кәрі түлкі айласын таусып алды.
Шымшық айтты: «мені де біледі елім»,
«білгені ғой, – Үкі айтты – тілегенің?»
Қарт жапалақ жармасты тоты құсқа
«бір тапшы деп, сұлуым, жүрек емін».
Арыстан тұр ешқайсын кәріне ілмей,
оған маймыл әрі дос, әрі інідей.
Торғайша ұшты бұлбұлдар,
қазша – қыран,
ал, орманға аң-құстың бәрі бірдей.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу