Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
03.06.2022
93
ШАҚЫРЫЛМАҒАН ҚОНАҚ
Суға түскен сәуледей дір-дір қағып
уақыттың алдында жыр жырладық...
Бір ымыртта есікті еппен ашып
күдік деген сайқалың кірді ұрланып.
Сыңқ етіп бір күлді де төрге асықты...
содан бастап жанды кір, сор басыпты.
Жүрегімді қос қолдап сығып еді ол –
жалғыз шумақ қара өлең зорға шықты.
Сылаң қаққан қыз-жырым ымырттағы
содан қайтып шашбауын шұбыртпады.
Сезінуші ем кеудемде көлім бар деп,
әлгі сайтан сол көлді бір ұрттады.
Көл құрғаса орнына өседі не –
бауырым сыз, иегім, көсе, міне.
Жасыл бағым – жабырқау күзге айналды,
басымдағым – күншілдің өсегіне.
Күйе жакқан кірпігін көп қадады –
күдік – жаман әйел-ау деп қаламын.
Содан бері өзімді өзім тежеп,
...суға да бейнем түспес боп барамын.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter