Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  108


Автор: Жұмекен Нәжімеденов

ЖҰМЫСТАН КЕЙІН

Соңғы жазған әңгімемнен іздеп ем:
Жетістік жоқ,
Қате таптым жүздеген.
Қарғасын да қастерлеген жыршы ғып,
Не боп кетті мына жомарт тіршілік?!
Мәрмәр тасқа мәңгіліктен үміт қып
Әжеме арнап ойдырып ем құлыпты –
алтын сандар жаңсақ түсіп, қария
тумай жатып өлген болып шығыпты.
Көңілімнен дыбыс шықты бір бөтен,
Көкейімнен қуыс шықты бір бөтен,
Мына бұлттар Алатаудың басына
бүгін тағы түнейін деп тұр ма екен?!
Трамвайда тиісті бір оңбаған:
«Жүйкең жұқа екен» деді ол маған,
Қалың болса қайтпек екен ол есер,
Ұлтан жасап алмақ па екен?
немесе,
байпақ тігіп кимек пе екен жыртып ап?!
Дүкен кездім – таптырмады бір тұмақ...
азу тісім бара жатыр сырқырап.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу