Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  92


Автор: Жұмекен Нәжімеденов

ҰРШЫҚ ЖЫРЫ

Сыртта – күзгі жел үні,
бұталар тұр ыңырсып.
Үйде – ене, келіні
екеуінде бір ұршық.
Алма-кезек лақтырып,
Қолға кезек алады.
Иірілді ақ түбіт,
Иірілді жабағы.
Түбіт ұшты – тұр, ұста!
Ұршық қатты құлады:
ене, келін ұрысса,
Ұршық лақтырылады.
«Қалада ұршық бола ма, –
деме, – қазақшылық бұл.
Қаладағы бала да
Киеді екен шұлықты.
Бұлт ұшты жер бауырлап,
Желдің қатты қарқыны...
Ешкі, түйе – ауылда,
біздің үйде бар түгі.
Ана жерде – домалақ,
Мына жерде – домалақ.
Келінге де обал-ақ,
енеге де обал-ақ.
Жо-жоқ, тату екеуі:
бір ене мен бір келін
дүкен кезіп кетеді
Мен ақша алған күндері.
Таңсәріде шай ішіп,
бір-бір сөмкі алады.
Бірі еркелеп майысып,
бірі жымың қағады.
Апыл-ғұпыл киініп,
алса бір-бір сөмкіні.
Сен үшін ең қиыны:
аш қаласың ол күні.
Балаң да аш па?
ол мейлі
Жылай берсін, жігітім,
бере берсең өлмейді
қатқан нанды жібітіп.
Базаршыға кешіккен
жарасады деп еді:
Қас қарая есіктен
бір қап «Уhі» енеді.
Қисайысқан тақалар,
сөмкілер тоқ керемет.
Кесе, шыны, мата бар –
тамақ іздеп не керек!
Екеуі де болдырған:
(шәйді өзің қой жылдам)
бірі – өкшесін алдырған,
бірі – белден шойырылған.
Шаршау емес,
Құлақ сап
Қарашы – дерт бұл да ерек.
Бірі – бүкір,
бірі – ақсақ,
бірін-бірі жүр демеп.
Оңдалайды екеуі...
ертесіне тағы да
сөмкі арқалап кетеді
дәл кешегі жағына.
...Бір күні ақша бітеді,
бітті шығып бір шығын.
Бірі – түбіт түтеді,
бірі – іздейді ұршығын.
Сыртта – қысқы жел үні,
бұталар тұр ыңырсып.
Үйде – ене, келіні
екеуінде бір ұршық.
Иіреді ұршықты
алма-кезек екеуі.
Ұршық кейде қырсыққа
айналып-ақ кетеді.
Тұтанады қайта дау –
түбіт қолғап... жүн шұлық...
Баяғы сол қайталау,
баяғы ұршық-тіршілік.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу