Өлеңдер ✍️
Нарцисс
Сүю – ең бір асыл сезім – дау бар ма,–
Сүйгендерге батпайды екен жаулар да…
Құлаққа ерсі,
Көзге де ұрды ерсілік,
баяғыда Нарцисс деген ер шығып;
Сұлу жігіт болған екен тегінде,
Сонау ескі Құдайлардың елінде,
Қойған екен бір көруге асық қып
Құдайлардың өзін өртеп ғашықтық,
Ғашық бопты жалғыз соған бәр-бәрі:
Күннің қызы,
Құдыреттің ардағы
Көз алмапты Ай да ғашық болып қап,
Жел де демін ала алмапты солықтап,
ғашықтықтан жылағанда қара бұлт
аққан жастан дала жатты нәр алып
тау күңіреніп, теңіз біткен тамсанып,
ғашықтықтан кетті дүние ән салып.
Сөй-сөйте...
Көңірсіпті күйіп ел –
бүлік шығып Құдайлардың үйінен,
Мөлдір сезім айналыпты ылайға,
ақырында, Құдай сенбей Құдайға –
ешбір Құдай әйеліне сенбеді,
ал, қыздарын жатып келіп тергеді;
Құдай еді әйелі де Құдайдың,
Қыздары да Құдай еді Құдайдың:
Солар да енді қайғы тартты жай елдей,
әйел деген, Құдай болсын, әйел ғой?
Нарцисс бірақ елең етпей ешбірін,
Мұңаяды екен жалғыз кешқұрым.
Күрсінгені сонда әлемге естілді,
Өйткені, ол сүйе алмады ешкімді...
Әйел Құдай үнсіз ғана мұңайды,
(Қыз Құдайлар – аңқаулау ғой – жылайды).
Өзі әйел, өзі ызалы
ал, соған
Құдіретін қосып көрші Құдайдың!
Құдайлардың құдіретімен қолда бар
Жас жігітті жазаламақ болды олар.
Қандай жаза кесу керек бірақ та?
Жерге көмсе – топыраққа мұң болар,
Желге шашса – бір ы мыртта дауыл болып
жынданар,
Оқпен атсаң – естіледі құлаққа,
Отқа жақсаң – ұшқын ұшар жыраққа,–
Осылайша, кеңесіпті бір апта.
Нарцисс сын-ды тозған рух, денеге
Не бұйырсын – қалған жұртқа өнеге!
Пенделерге қаза үлесу – немене,
Құдайларға – жаза кесу немене:
түйілді де бір түсінік боп бәрі
Ұлы Зевс алдына кеп тоқтады.
...Сөйтіп, бәрі баталасты,
беттесті:
«бұ да өле ғашық болсын!»– деп кесті.
Тау шегініп көз ұшына кетті алыс,
алыс жаққа бұлт жасады аттаныс.
Жасыл орман – жайқалмады о да енді –
бұта қурап сидаң қаға жөнелді,
Жел де еркелеп еспей қалды, тып-тымық,
тозаң ұйып, кетті гүлді бұқтырып;
Жартас-шыңға әрі сұсты, тұл әрі
әлсіз толқын басын ұрып құлады.
Тау қыраны тауықпен бір қонақтап –
тақпақ айтты ел тоқылдақты мадақтап;
тұлпар ақсап,
бұлбұл мылқау күйге енді,
аққу құсқа қарға зорлап үйленді.
Табиғатта ажар азып, әр тайып,
бояу біткен кетті кенет қартайып.
Отырсың-ау оқсаттым деп марқайып,
Уа, құдырет,
енді өзің де тарт айып!
Ал, Нарцисс ше?
Бәрібір ол ешкімді
Сүйе алмады – күрсінгені естілді;
Серіктері – шөл мен аштық – күні өтті,
Танымасын тағдыр тасқа түнетті;
Қаңғыбастың үмітімен, баяғы
азабын ап ажалына таяды,
Сай-жыраның кеуіп қалған тандыры –
Меңіреу дала. Қу дүние қалғыды...
Кенет, алда тұнба жатты...
енді-енді
Өлімші жан аузын сала берген-ді,
Қалт тоқтады...– әсерлемей жазайьқ –
Судан ол бір бейне көрді ғажайып,
Жігіт аң-таң: неткен әсем түр еді!–
Тұңғыш мәрте шымыр етті жүрегі.
Бұ не, тапқан соры ма іздеп, бағы ма,–
Қарады ол тағы, тағы, тағы да:
Не тұлғадан, мін таппайсың, не беттен –
Сүймек болып ұмтылды есер,
Кенеттен,
бір дір етіп ғайып болды бейне әлгі,
Орынында майда толқын айналды.
Сүгіретке ғашық болып судағы,
Қаны кепкен жүрек босқа тулады,
Жүзі солып, ерні кеткен тілініп,
Жігіт, солай тұрды суға үңіліп.
Ғажап мүсін!
Жоғалады ол да, әне,
тұнба жүзі жыбыр етсе болғаны,
Сондықтан ол тыныш қойды су бетін –
Көру үшін судағы өз суретін,
Содан өзге түк көрмеді көзі де,
Түскен пәнде Құдайлардың тезіне –
жаны жидіп, ет-бауыры езіле,
ғашық болды. Бірақ кімге? Өзіне!
Бұдан ауыр жаза жоқ-ты, тегінде,
Сонау алыс Құдайлардың елінде.
Сұлуды да сүйе алмаған пақырың
Суда тұрып шөлден өлді ақыры.
Суда тұрып шөлден, солай, өлгенде,
Қайғылы бір гүл өсіпті сол көлде –
Суға түсті мұңды, сарғыш сүлдесі,
Нарцисс атап кетті халық гүлді осы.
(Шіркін, шіркін, екеуімізге, досым-ай,
Қыз-келіншек ғашық болса осылай,
біз де сүйе салар ек қой, бұ да анық:
Кім жапсырар махаббатты күнә ғып,
Моламызға шөп өссе де жарар ед,
ал, егер де түк өспесе – құба-құп)
Уа, махаббат! Пірім сенсің сүйенер!
Тек өзіңді өзің сүймес үшін де
Өзгені көр өңіңде де, түсіңде –
Саған айтам, аталы дос, киелі ер,
Уа, сүйе гөр, өзгелерді сүйе гөр!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter