Өлеңдер ✍️
АУА ДАБЫЛЫ
Жай қарасаң, ғалымдардың қайғысы
түсінбейтін қайғы сын-ды жай кісі:
Фабрика, заводтардың демі ыстық,
Содан ысып бара жатыр кеңістік.
Жел қуа алмай машинаның газ, уын,
Экскаватор ақситады азуын,
Гүлді алқапқа бағыт алса бульдозер,
тракторлар шынжырлы
оқиды көп ұйқаспайтын бір жырды.
Бомба ызадан жарылды анда;
бір жақта
Монологты мылтық оқып қылжақтап;
антенналар орманы өсті көк тіреп;
топыраққа дәнмен бірге дәрі егіп,
темір-табан техника тепкілеп,
барлығынан осының –
пеш күрсінген секілді ыстық жетті леп.
Болатты үйтіп,
вертолетті маса ғып,
атомдардан азық-түлік жасадық.
Әлденені айта алмай тұр мұржалар
Түйдек-түйдек түтініне шашалып.
Жүрек шаншып,
Қысқан шақта қос өкпең
дәрі таңдап:
Отаныңнан, не шеттен
түбінде бір (ауа есепсіз десек те)
қиналатын секілдіміз есептен.
Ал әзірше сүйенеміз орманға,
дала деген зор барда
гүл егерміз сорларға,
Сүйенерміз салақтық пен долбарға,
бірақ, бірақ нақ бүгіннің өзінде
дәрі-дәрмек шынысынан толды арба,
Ойланайық: мен – бар,
Сен – бар,
Ол – барда,
Мензуркаға құйып берсе ауаны
Қалтырамай ұстайтұғын қол барда.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter