Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  83


Автор: Жұмекен Нәжімеденов

ТОР

Жағасында Қиғаштың құмға айналған қыр барлық,
сол қырлардың бауырында біздің ауыл тұр қалғып.
Мұржалары есінеп –
шықса асықпай түтін ақ,
сол түтінді таратар жел де асықпай күтіп ап.
Ағаштар бар қайқы өскен,
Көлшік сулар, бір түрлі
арасынан кірпіктің қараған көз сықылды.
Тастай бұйра тыныштық!
Былтыр ғана түсіндім:
таптырмайтын жер бопты ұйықтап қайту үшін бұл.
Дем алу ма?
Жоқ, ол жоқ:
ағайын бар... айып бар...
Сәл босасаң – дайын тұр қайқы тұмсық қайықтар.
Сен де асықпай қайыққа отырып ап сырғысаң –
Май шабақ пен «ащы су» ата-тегі бірге ұсар.
Бір аға айтты:
«Қымсынба, әлгі дәмнен және әкел,
бала алыстан келгенмен,
өзіміздің бала екен!»
Бір шал көрдік жағада,
Сәлем бердік сол шалға,
Сондай шығар бір алла кәрі кісі болса ол да.
Таң қалғаным: тілі аппақ, алған сын-ды бор жалап,
Тілінде емес әңгіме,
отырды қарт тор жамап.
Әркімнің өз ісі бар,
бар, әрине, өз әлі,
Өз әліңді білмесең – тозағы сол, тозағы...
Көк аспанда заулаған ракетаның ізіндей
ақ капрон жіпті қарт құлаштап кеп созады.
Тор жамайды қария,
көзі де әлі көргіш-ақ,
тиіп кетсең үгілер аппақ басы бор құсап;
Қолындағы ине ме,
инеге ұқсас басқа ма,
Не де болса, жасқама – жылпос екен масқара!
жо-жоқ, жыртық жоқ торда,
көтерді қарт қарын тік –
Сонда аңғардым: тігеді ол кең көздерді тарылтып.
Енді жетті басыма шал ісінің шын мәні:
Құлағымда әлдекім шалғы-орағын шыңдады,
әлдеқайда күркіреп күліп жатты жын, кәрі –
Дүр сілкінген көкірек дүрсілдеуден тынбады,
Мың аттылы жарысқан кең өлкеге ұсадым,
Дәмесі жоқ, демі жоқ көлеңкеге ұсадым.
– Ақсақал-ай, – деген сөз айтылғандай жау үшін
қатал әрі еріксіз тарғыл шықты дауысым.
– Ұшына да саусақтың жүректен қан тарайды –
Қолың сенің, қария, неге қалтырамайды?
Басың қалтылдағанша қолың қалтылдасын да,
түйе өлтіру – түк емес,
түйдегімен өлтірудің қасында
Ірілер – аз, әдетте
ұсақтар көп,
анық бұл;
шабағынан бастайды құртатындар балықты,
балағынан бастайды құртатындар халықты.
Кіржің еткені ғана – кейімеді қарт бірақ,
мықтылығын торының тексереді тартқылап.
– Айыптасаң, – деді, – ұлым, айыпта анау
Алланы,
торға тұрар бұл судың балығы да қалмады.
Шабақтар да жылпылдап ұстатпайды бұл шақта,
ал, Қиғаштың балығы кетті содан ұсақтап.
Қолым қалтырамаса қайраты бар деп түсін,
Қайраттыны сен осы мақтап жүрген жоқпысың?!
– Қайрат емес, расы қаталдықтың ісі бұл!
Түрме салып жүргенін іші сезген кісінің
Қолындағы тас түсіп, сына беред деседі...
– Ондай түйсік, шырағым, бірте-бірте өшеді.
Жағасында Қиғаштың құмға айналған қыр барлық,
Құшағында құмдардың біздің ауыл тұр қалғып,
Қолдар ояу, тіл ояу,
тұрмыс-күйге бәрі ынтық,
Ойлы ауыздар көп онда,
ойламас тек қарын түк.
Жанап кетсең үгілер аппақ басы бор құсап,
Сол шал отыр жағада тор көздерін тарылтып.
– Бұл ауылға, дедім мен, жетпеген бе заң әлі –
тарылтасың онсыз да балықтың тар заманын.
Онсыз да тор тар тірлік,
тар түсінік, тар ұғым,
тарылтасың сен тағы сорлылардың жарығын.
Ата, халің жоқ шығар ашығатын айғайлап,
балықты аула,
шабағын құтқаратын жайды ойлап.
Ірілердің шығыны – көндірген іс,
бүтін бас
шабақ түгіл бұл тордан қоңыз да аман құтылмас!
– Түп пиғылың, міне, енді құлағыма кірді шын,
Әй, білгішім, білгішім,
Өзің тойып алған соң балықты аяп тұрмысың?! –
Жымың етіп күлді шал,
естіген жоқ өзге ешкім:
мен болмыспен бетпе-бет
Жекпе-жек кеп кездестім!
«Өзің тойып алған соң?» Өзіме аян өз емім,
Әлі күнге сол сөздің шын салмағын сеземін.
Табиғатты қорғаштап жыр жазып ем бір мықты,
Әсерімен сол жырдың түзетпек ем тірлікті.
Жағасында Қиғаштың «сап!», «сап!» болдым мен
өстіп.
Содан кейін ешкіммен жарымадым кеңес қып,
Серіктерім қайыққа бастай берді,
абайлап
сөзге тартты, «бала ғой», қызып қалды деп ойлап.
Көтеріңкі сөздердің көмір болды ақыры,
Күшке тимес жыр жаздым – өмір болды ақыры.
Қалғиды деп халқымды,
самарқау деп елді мен
«Суреткердің көзімен» көрмек болып кергіп ем.
Көрінгенмен ақ борды жалағанға тілі ұқсас,
Қызыл екен қарт тілі,
бор бас емес, күміс бас.
Өш, өш, көңіл желігі!
Көлеңкең де бойға айып,
Мықты екенбіз, көлеңке, қарынсыз бір тойлайық.
Сенбейді екен мына жұрт тоқ кісінің сөзіне,
Халық қамын ойласақ – тоймай тұрып ойлайық!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу