Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  145


Автор: Жұмекен Нәжімеденов

ҚАРЫЗ

Ақын аға бір інісін, әй шөмитті-ау, шөмитті:
– Қолдан адам жасап едім сен итті,
білмедің сен кісілікті, ұятты,
барлық қолдан жасалғандар сияқты.
Қалш-қалш етті ызадан.
– Кішілерге кешіріммен қарап өскен жұрт едік,
не болды, аға, аппақ таңнан ала дауыл бүркеніп?!
Асқар тау боп жасасаңыз бір ұлылық,
соны енді
сатасыз ба төбелерге төменгі?
Адам еттім деп тұрсыз ғой,
Іс көрсетсе бұл арсыз –
бәлкім, адам ете алмаған шығарсыз?!
Кешір, аға, айтайыншы көзіңе:
Жақсылықтар жасадым деп сөз етудің өзі де,
Ойлап көрші, кісілікке келе ме:
орнын өзі тауып тұрған немеге,
Өзі қағылғалы тұрған шегеге –
бір қызметін атқарсаң сен балғаның,
және соны әңгіме етсең өзіңнің кім болғаның?!
– Жақсылық та қарыз, бала, иесі бар оның да,
ұзақ ұстап тұра алмайсың қолыңда,
Көңлің ылғи бір күптілік сезеді –
иесіне қайтармасаң тез оны.
Сол қарыздан құтылдым ба деп едім,
Құтылмаппын жүгімнен –
Соны сезіп күйіп тұрмын бүгін мен,
Әжім мынау бетімдегі,
бел мынау
қарыздардың салмағынан бүгілген.
Мына күшік, өйткені, мен кеткелі
Жан адамға бір жақсылық етпеді.
Жақсылықты бұ да етсінші деп едім,
бұған да ол қарыз еді себебі.
Көрдің бе сен, жақсы іс түгіл бұл, залым
иттігінің өзін бұлдап тұрғанын?!
Жақсылықтың иесін таба білмесек,
ит аузына бал тосқанмен бірге есеп.
Бірге ойлап ек,
бірге жазып,
бірге ішіп,
тал бүріндей шуақ жаққа тырмысып
өсіп ек қой...
Бал берген сол қолымды
ит боп бүгін қауып алды бұл күшік!
Уақыт тыныш болғанымен бас аман,
басым менің осы қазір есалаң:
бақытсыздық сезеді екен адам шын
жақсылығын жамандарға жасаған.
– Аға, – дедім, іштей ғана безілдеп,
айта алмаған сөзім еді кезінде:
жақсылықты жамандарға жасаған жөн.
Жақсылық
жетіп жатыр жақсылардың өзінде.
Жаман болса ол – жамандығы бағы да,
Жақсылықтар жасау керек тағы да.
Өйткені, аға, жамандарға қарыздарсың,
түсінсең,
одан гөрі кінәлісің жақсылығың үшін сен!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу