Өлеңдер ✍️
ТАС ПЕН САБЫН
– Суға тисең – екі бетің жылтырап,
өз-өзіңнен еріп біттің сен сорлы,
жарып салған түгі де жоқ,
жылап-жалап еңсерді
Су атанған ата жауың семсерлі.
Бүгін – бүтін,
ертең қалар жоқ түгің,
бар байлығың – көбігіңнің көптігі.
Әр қолда бір жылпыңдап,
әркімге бір жылтырап,
өмір сүрдің жылпыңдықпен бір күн-ақ.
Суды көрсең жылап аққан өтірік,
шыға келдің өз-өзіңнен көпіріп –
нең бар осы айдалаға бұрқырап?!
– Сенің нең бар сабында,
бақыт емес сабын болма-ғаның да.
Қисайғанша қарсы жатып ағынға
бұрқырап қал оралыңның барында!
Ештеңеге ерімеймін деп әлі
тас болғанның – табиғатқа обалы!
Аймаласа шуақ күліп, су жылап,
жібімесең сонда да –
қайрат емес,
қатыгездік болады!
Сен тозасың – тас та түбі тозады,
оған шейін әркімнің бар өзі әлі.
Берікпін деп беттиме көп,
түбінде
Көк тастан сол көпіргендер озады!
Пәлсафа – әлді,
тұрмыс одан әлдірек –
тіл алғыштау немересін сартабан
дүкен жаққа жұмсап жатыр қарт апам:
«Жүгір жылдам, сабын бітіп қалды» деп.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter