Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  118


Автор: Жұмекен Нәжімеденов

ШЕГЕН ҚЫСТАУ НЕМЕСЕ АЛҒАШҚЫ ШУАҚ

Шеген қора су өткен тұр ма шіріп –
көк сасиды айнала,
қырға шығып кетейікші!
Ақ мысық мауығып жүр,
құрып кеткір, қиын-ау ұрғашылық.
Қыстай суық мүжіген мұржаға арнап
саз езген жеңгем де ерін жүр жамандап.
Қар кеткен соң көрінген қу сүйекті
ырылдайды ит мүжіп ыржалаңдап.
Ауыл итінің көргенде «ыржалаңын»
бұралқы ит те жарасын бір жалады.
Бүгін-ертең жер көктер,
бұта боп-боз
бүгін-ертең, бұйырса, бүр жарады.
Бүйірім жылып барады,
бұ да маған
қуаныш қой:
қунай ма,
қуана ма –
қыстың қыстай бөрісі, бораны ұлып,
боз қурайы боздаған мына дала?!
Жаңаралық біз-дағы, нұрланалық,
тазаралық қыр асып, қырға барып:
бір жақсылық келеді бүгін-ертең,
бүгін-ертең болады бір жаңалық!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу