Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  76


Автор: Жұмекен Нәжімеденов

ӘЙКЕН

Бұталардың кірпіктеріне ілініп,
дір-дір қағып тамшылар тұр тама алмай.
Жетіп келіп кетті қызым бұрылып,
біздің үйге өкпесі бар адамдай.
– Қызық,– дедім,– бұл үйді де бір үй де...
– Папа,– деді,– уақыт жоқ кіруге,
нан-дүкенге соғар шаруам бар әлі,
әрі Болат ұзақ күтіп қалады.
– Қарағым-ай!– жүдеп қалдым бір түрлі,
кірпігіне бұтаның
мөлдір, мөлдір, мөлдір шықтар іркілді.
Мөлт етіп бір қарады да
кетті қызым асығып.
Бір әдемі кинодан
көргендей боп әсерлі бір үзінді,
үйге кірдім –
көргенімді қызымды
шешесінен жасырып.
– «Қыз – жат жұрттық»,
түсінем ғой мұны мен,
бірақ кірпік іле алмадым түнімен.
Менің балам еді ол кеше,
балапан
ұясынан ұшқан екен шынымен!
кіп-кішкене балапаным, бөпем-ау,
Сенің де енді өз үйің бар екен-ау?!
Қам көңілсің қайратыңды жеңсе мұң:
айналайын, дей жаздадым, мен сенің
әкең ем ғой,
сөз қайтарар кісің бе ем!–
Өстіп ойлап жабықтым мен ішімнен,
ал, сыртыммен кісі болдым түсінген.
Әлдене дерт асқынғандай бір түрлі,
тамағыма тас тұрғандай бір түрлі,
ішім удай ашып қалды бір түрлі,
жанған отым жасып қалды бір түрлі.
«Титтей ғана балапаным, бөпем-ау,
біздікі екен – біздің үй.
Сенің енді өз үйің бар екен-ау» –
қайталадым осы ойларды ішімнен,
ал, сыртыммен кісі болдым түсінген.
Айналама қарап алдым сақтана:
жігіт деген жыламайды,
тек қана
бұталардың кірпігінен – жылтыраған көлгірсіп
тамып-тамып кетті кенет мөлдір шық...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу