Өлеңдер ✍️
БІР КӨРІНІС
Жапырағын ұшырып, желпіп өтіп,
еменнің өңменінен жел тұр өтіп.
Барады тамшы құлап
әр бұтаның
құлағын зың еткізіп шертіп өтіп.
Күн бе екен күбінетін бүгінгі күн,
бір топыр үй төбесі дүбір-дүбір,
дүбірлеп әлдекімдер жүгірді бір.
Бірде еркін құлайды су, бірде ұрланып
науаға
Күй ішегіндей дір-дір қағып...
Қараойдан қаршығадай үйрек алған
жерді аспан бүріп алған, билеп алған.
Жез-тырнақты найзағай бірер көсіп
су алды ма – бұлт бетін жіберді осып.
Сенімен баста жел боп ойнап едім,
тамшы-көз, тал-бұраң-бел, оймақ-ерін,
сездіргем сезімімді жел-тіліммен,
жел-тілден, түк қалмады еркін үннен.
Ұсады байғұс басым жапыраққа
әлдекім бір бұтаға шертіп ілген.
Сен құрттың:
тамшы-көзің бақырайтып,
күйеуге шықпай жатып ақыл айтып.
Кенеттен жан жібіді, көңіл еріп,
қосылып тал екеуміз еңіредік:
қорыққан тұрымтайдан торғай құсап
бүріскен бір бұтада сені көріп.
Ал тамшы бір секірген батырсынып,
талқан боп тасқа құлап жатыр сынып.
Бір жылы сөз естуден басқа мұрат
жоқ деп пе ең,
сен не істедің қасқа құлақ?!
Жүрек байғұс жаңағы тамшыдайын
быт-шыт болды без-қара тасқа құлап
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter