Өлеңдер ✍️
ТАМШЫ
Еспе, самал,
есер бұта, дір етпе,
биік әнді байқап шырқа, әнші бар:
бұталарға тұнған жұмыр тамшылар
ұқсайды екен жұмыр-жұмыр жүрекке.
Кімге керек құр омырау, құр екпін,
қой ішегінен ашып кетпе, әнші үні,
төгіп алма тұнып тұрған тамшыны,
жарып алма толып тұрған жүректі.
Аяу емес,
аялауда мән басқа
(мағына қусам маңып кетем мен қасқа)
тау атынан антыңды бер, шаң-тозаң,
тамшылардың жанарына қонбасқа!
Жұмыр жерде,
мынау ұлы мекенде
болса ғана тамшы – мөлдір,
аспан – ақ,
түсінеміз қайғысыз деп қас-қабақ,
есептейміз заман тыныш екен деп.
әр жапырақ өз бұтасын баспалап,
Әр балапан өз ұясын мекендеп,
Күн көзінде жылт-жылт етіп жатса алап –
тыныш отыра аламыз біз
Жер шары
ауанымен айналып жүр екен деп.
Мөлдір тамшы!
Бейбіт күннің белгісі.
берекенің белгісі,
сенде, сенде, сенде, сенде, сенде ісім –
дембісің сен, термісің?
Не болсаң да тұра тұршы, тұра тұр –
тыныштығым, тазалығым бір атым,
тұра тұршы Күнге кеппей,
желге ұшып!
Мынау әсем әлемде
Уақытпысың тұна қалған сен әлде
әр бұтаға бір-бір тамшы – бір-бір сәт?
Еспе, самал,
Тамшы, аунама,
өтпе, сәт,
бір сәт қана қызықтайын, бер мұрсат!
Еспе, самал,
есер бұта, дір қақпа:
үлгірейін бір-бір қарап сай жаққа,
таулар жаққа, қыр жаққа;
мысқал салмақ қосып әзіл-қылжаққа,
жапырақтың алақанына ұйыған
тамшы жайлы салмақ ем бір биік ән!
Биік пиғыл,
биік аспан, биік қыр
тамшылардың жанарында ұйып тұр.
Мен де тамшы жанарына сиыппын,
тамшы-көзбен қарағанда сүйіктім.
Қоспасы жоқ көңілдердің өзінен
мөлт етіп бір тұна қалған сезім ең,
тамшы, сенен бір жақындық сезінем.
Батырға да,
бастыққа да балшық-бас,
тағдырға да, тамырға да талшықтас
қарау жөн-ау тамшылардың көзімен!.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter