Өлеңдер ✍️
ДЫМҚЫЛ-ДЫМ
Болатындай өрт шықты деп жар салса.
Ағаштардың қаңқалары арса-арса
от боп жалап кешегі бір күн демі
әрең аман қалған сын-ды діңдері.
Аспан жерге тұман болып түсіп ед,
барады енді бұлт боп баурын көтеріп.
Жылай-жылай иықтары салбырап
ағаштардың кеткен сын-ды еті өліп.
Бұталардың әр буыны тамшы ілген
сырқырайтын сын-ды суық шаншумен.
Шытырлақтау мінезім бар,
шамшыл да ем,
менің де енді шаруам жоқ шаң-шұңмен.
Қылқанды ағаш жапырақты ең кіші,
жеңіліпсің, жеңілгеннің белгісі:
әбден езіп бітіріпті дымқыл-дым,
бекер-бекер, бекер-бекер ұмтылдың!
У-шу болған көк орман жоқ,
асылы
қалған білем табиғат та басылып.
Былшыра күз,
мұң да тегін, тегін ой,
өзіңді өзің жей бер іштен жегідей.
Желігі жоқ, серпуі жоқ мына әлем,
Сыбдыры жоқ су жапырақ тұр әрең
бір селт етсе – ұшып түсер еді ғой?!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter