Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  118


Автор: Жұмекен Нәжімеденов

ТАЗА ЖҰМЫС

Театрдың билеттерін жайып сап
жігіт отыр бір дүкеннің алдында,
жақтың түгі ұқсайды екен шалғынға.
Желке шашы бұратылып жүз дүркін
иығына түсе беріп жазылған;
тілі де епті болу керек әзілге, ал,
үйріледі ұзай алмай қыз-қырқын.
Билет алып жүргендердің көбісі
жұрт тәрізді театрда жоқ ісі –
қыз-келіншек бұрылады әудемнен
бұлт секілді тау көрген,
таудай жігіт билет жыртад дәу қолмен!
Сабыр, сабыр!
Шыдам деген қайда әлгі,
көрмедім-ау ғұмыры бір пайдаңды!
Әлдекімге ашқым келді майданды,
айырылдым сақал-бедел-сабырдан.
Жеңіл іске жаным бастан араз-ды:
– Жігіт,– дедім,– мына жапырақ қағазды
көтергенде майыспай ма қабырғаң?
Тер боп ағып кетпе, дедім, күн ыссы-ақ,
көтерем деп әр билетті бір ұстап,
тап боларсың, дедім, біреуге ұрысқақ
күніне бір терлемесең дұрыстап!
Әлдебіреу менсінбесе кәсібін,
әркімдер-ақ шығушы еді шытынап –
мынау әлгі сөздерді
зор ерлікпен күтіп ап,
жымың етті – күлген шығар асылы.
Көкірегім қалды кенет басылып,
бөрікті үшін тиісіп ем бұрқырап,
намысына тимек едім бір қатты –
сөйлемдерім менің өткір тырнақты,
сыңсып тұрған сылтаудан
бір шыбықты қырқып ап,
осса деп мына бетті жылтырақ!
Әрі жылтыр,
әрі сонша қап-қалың
бетіне оның тырнағым да батпады,
мыс-тілім де,
мысқылым да батпады.
– Аға,– деді ол, – «есек артын жусаң да
мал тап» деген қариялар тірі әлі.
Кімнің көңлі қай кәсіпке бұрады,
соны күйттеу кім-кімнің де мұрады.
Түссем деп ем пайдалырақ оқуға,
түсе алмадым – мен емеспін кінәлі!
– Тер де теуіп шығады ғой шекеңе,
тепсе – темір үзетұғын жігіттер
оқымаса – әйел болып кете ме?!
Билет сату...
Әрине, рас бұ да еңбек
Жұмсағанда күш-қуатын үнемдеп.
Еш кәсіпті кеміткем жоқ ешқашан,
еден сырла,
етік майла – достасам!
Сөз – онда емес,
қолға лайық ісі бар,
кісілер бар қай бір істен қысылар.
Билетің сат, батыр жігіт!
Өзіңді өзің ашпасаң,
кім ашады сенің қайрат-күшіңді!
Тағы бір дәу жігіт қаңғып ішіп жүр,
әкесінің қалтасынан ақша ұрлап,
өз кінәсін ол да өзгеге жапсырмақ.
Қара теңіз жағасында тыраңдап
аунап келген дүкенші жас бір жігіт
күмән айтты көшедегі ұранға.
Асханада қасық жуып жас балуан,
жүкті әйелдер кірпіш қалап жүр анда.
Біреу ерлік жасамаса бола ма:
пенсионер қарттар қайда – далада
«балам қызмет жасайды, деп, қалада»
солар мәз боп ұлдарының есімін
мақтанышпен ауыздарына алады, ә?!
Жастың көбі Сібір, БАМ-да,
көп істе
жетіп жатыр жеңіске.
Көңлі – сағым,
көзі – елес
жастың бәрі мәтөк деген сөз емес.
Өмір деген жалғыз сөздің өзі егес,
еңбек – егес,
оқу – егес,
егесіп
шыққандарға, ашылмай ма көп есік?!
Үміт, сенің шеттеп қалып сәулеңнен,
өмір, сенің қашып бейнет-әуреңнен
балуан жігіт билет жыртад дәу қолмен.
Жұмбақ бір күш басты еңсемді, ырқымды,
әлденеден қорындым мен бір түрлі.
қол жетпеуден талай жоспар қырқылды,
талай құрылыс бітпей жатыр,
ал, мұнда
...алушысы көп бір дүкен алдында,
әлгі жігіт балуан иық сынық өң,
еңбек көріп,
жұмыс санап шынымен,
ойнап отыр құстың қауырсынымен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу